Үйге апарар жол: шала туған сәбилерге көрсетілетін қамқорлық - Детская городская клиническая больница № 1

Алматы №1 балалар қалалық клиникалық ауруханасының жаңа туған нәрестелерге арналған мамандандырылған бөлімшелерінде 384 сәбиге медициналық көмек көрсетілді.

17 қараша — Дүниежүзілік шала туған балалар күні. Осы күнге орай Алматы №1 балалар қалалық клиникалық ауруханасының жаңа туған нәрестелер реанимациясы және нәрестелер патологиясы мен шала туған сәбилерді күту бөлімшелерінің тыныс-тіршілігінен фоторепортаж дайындадық.

Бұл бөлімшелерде ең кішкентай пациенттердің өмірі мен денсаулығын сақтау жолында күн сайын күрделі жұмыс атқарылады. Мұнда қаланың түрлі перзентханаларынан реанимациялық көмекке, ұзақ уақыт күтім мен емге, ал кей жағдайда хирургиялық араласуға мұқтаж нәрестелер жеткізіледі.

2026 жылдың басынан бері аталған бөлімшелерде 384 сәбиге медициналық көмек көрсетілді. Оның 118-і анестезиолог-реаниматолог дәрігер Әлсеитов Ұлықпан Болатбекұлы басқаратын жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімшесінде ем қабылдады. Ал тағы 226 сәби шала туғандықтан, перзентханалардан әрі қарай күтім мен ем алу үшін ауыстырылды. Олардың арасында туған кездегі салмағы 840 грамнан басталатын, өте төмен салмақпен дүниеге келген сәбилер де бар.

Бұдан бөлек, аурухана дәрігерлері жаңа туған нәрестелерге 73 ота жасады. Көп жағдайда хирургиялық көмек сәбидің өмірге келген алғашқы екі тәулігінде қажет болады.

Реанимациядан шығып, жағдайы тұрақтанған нәрестелер қарқынды терапия палаталары бар нәрестелер патологиясы және шала туған сәбилерді күту бөлімшесіне ауыстырылады. Мұнда медициналық бақылаумен қатар, ата-ананың бала күтіміне қатысуына да ерекше мән беріледі.

«Біздің бөлімшенің басты ерекшелігі — сәбилердің анасымен бірге бір палатада жатуы. Біз аналарға нәресте күтімін үйретіп, емізуді жолға қоюға көмектесеміз. Егер сәбиге ота жасалған болса, оған ерекше күтім қажет. Мұндай жағдайда да ананы отадан кейінгі күтім кезеңінде жан-жақты қолдаймыз. Сонымен қатар психологиялық және консультациялық көмек көрсетеміз.
Әр балаға қажетті зертханалық және аспаптық тексерудің толық кешені жүргізіледі. Қажет болған жағдайда бейінді мамандар тартылады. Біздің басты мақсатымыз — сәбиді емдеп, аман-есен отбасына қайтару. Әрбір баланың ауруханадан үйіне шығуы — біз үшін ерекше сәт. Оның артында бүкіл медициналық команданың күнделікті еңбегі, үздіксіз бақылауы мен маңызды медициналық шешімі тұр», — дейді бөлімше меңгерушісі Джанабергенова Гулнур Алипбаевна.

Әрбір санның артында ерекше күтімді, кәсіби көмекті және уақытты қажет еткен кішкентай тағдыр тұр. Ал әрбір үйге шығару — сәбиді асыға күткен жақындарымен қауыштыратын, көптен күткен қуанышты сәт.

Үйге апарар жол: шала туған сәбилерге көрсетілетін қамқорлық